ЕСБОЛАТ АЙДАБОСЫН. ТИБЕТ АРУЫ (ӘҢГІМЕ)
ЕСБОЛАТ АЙДАБОСЫН. ТИБЕТ АРУЫ (ӘҢГІМЕ)

Қоңыр салқын күз болатын. Далада терек басын тербетерлік жел жоқ, төңірекке перде тұтып қойғандай тымырық. Мұндай күндері Бейжіңнің аспанын түтін торлайды. Мұрындықты бұзаудай бір-бір медициналық маска таққан жұрт, көшеде көбірек жүрсе көк түтінге уланып қалардай, жапа-тармағай жерастына түсіп жатыр. Ентелеген елмен жарыса метроның аялдамасына біз де кірдік. Бейжіңге келгелі айдан асса да, көрші елдің жер асты көлігін тұңғыш көруіміз. Қолымызда – алып шахардың астын көртышқанның ініндей шиырлаған метро картасы. Жолдан жаңылысып, адасып кетпейік деп әрбір нәрсеге мән беріп, жан-жағымызды мұқият бағдарлап отырмыз. Айналамыздағы адамдар да бізге таңырқай қарайтын секілді. Бір отбасыға бір баладан деген қатал заңның қыспағын көрген жұрт үйелменді-сүйелменді екі ұлды жетектеген жап-жас ерлі-зайыптыны таңсық көріп тұрғаны анық. Қатар отырған екі мосқал кісінің бірі атып тұрып, орын берді. Қытай халқы баланы патша көреді, қоғамдық көлікте таяққа сүйенген қарияға орын бермесе, бермейтін шығар, ал тәй-тәй басқан бала кіргенін көрсе қоғадай жапырылады.

     Босаған орынға «екі патшаны» жайғастырып, жан-жақтан жаутаңдаған сандаған жанарларға, «көзің тасқа түссін» деп іштей тойтарыс беріп, олардың қойған сансыз сауалдарына тіліміз келгенше жауап беріп жатырмыз. Бірі қай елденсіңдер деп сұрайды, біреуі балаларың егіз бе дейді, өзіміздің жасымызды білгісі келеді, екі баланы бағып-қағу оңай еместігін айтады, ерте үйленеді екенсіңдер, біз отыздан асып барып отбасын құрамыз деп өздерінің жағдайынан хабар береді. Қаумалаған елдің біз турасындағы талқысы саябырси бастаған кезде, желке тұстан:

-Аға! Сіздер қазақсыздар ма? деген дауыс естілді.

Әйелім екеуміз бірдей жалт қарадық. Бірақ ол дауыстың қайдан шыққаны, кімнен шыққанын айырып болмайсың… Қасымызда қазақтың келбеті байқалмайды, барлығы қытайлық пошым, барлығының түріне қарасаң «мен ғой сөйлеген» деп тұрған секілді, таныс адамдай жылышырай беріп, күлімсірейді. Екеуміздің көзіміз айналаны бір сүзіп шығып, бір-бірімен тоқайласып қалды. Әлде қағыс естідік пе? Іштей таңырқаған күйі, әйелім ернін бұртитып, шарасыздық белгісін білдірді. Мен төңіректі тағы бір шолып көрейін деп мойнымды сағат тілінің бағытымен бұра бергенімде, жаңағы дауыс қайта шықты.

-Қазақстаннан келдіңіздер ме?

Сонда ғана таптық. Орта бойлы сұрша қыз. Арқасына асқан қара түсті жол сөмкесі бар. Кекілін дөңгелете қиған, қыр мұрын, түрік ерін, домалақ жүз, көзілдіріктің арғы жағындағы қой көзі жалт-жұлт етеді. Дөңестеу мұрны мен осы жанарында ғана қазақылықтың, көшпеліліктің ұшқыны аздап байқалатындай.

Әйелім менен бұрын тіл қатып, -иә, иә қазақпыз деп жатыр, мен бас изеп құптағандай сыңай таныттым. Дегенмен, мынау қазақ па қытай ма деген күмәннан арыла алмай тұрмын. Бірақ «аға» деді емес пе, неде болса қазақ, тек қытайланған қазақ. Екінші мәрте сөйлегенде аңғарылды, тілі жатық емес, қытайлық сөйлеу мәнері сіңген. Қазақстан дегені Хасақыстан дегендей естілді. Соны сезген болу керек, өзін таныстыра бастады.

-Есімім Қамар. Жың Фа Да Шүйеде (Қытай саясат және заң университеті) оқимын.

-Ә, көрші екенбіз ғой дедім. Біз сіздерге қарама-қарсы орналасқан Шый Йоу Да Шүйенің (Қытай мұнай газ университеті) магистратурасына қабылдандық. Қазір ханүйбан (қытай тілін үйрету курсы) оқып жатырмыз.

-Ооо!!! Тай хаолы (өте керемет) , ханүй зынмиян? (Қытай тілі қалай екен) Біздің қытайшамызды тексергісі келген болу керек қытайша сөйледі.

-Ойй, хын нан (өте қиын) деп әйеліміз екеуміз қосыла жамырадық. Екі айдың ішінде аздап тіл сындырып қалғанбыз, соның пайдасы тиіп жатыр. Артынша сұрақты біз қойдық:

-Шыңжаңдықсың ба? (Қытайда қазақ, ұйғырлардың барлығын Шыңжаңдықтар деп бірге атайды)

-Бу шы (жоқ деген сөз) Цинзянь, мен Сицзаннанмын.

Сицзан деген қай жер еді деп, әйелімнің құлақ түбіне күбір еттім. Ол да менің күйімді кешіп тұр екен, иығын қиқаң еткізіп, телефонына үңілді, шамасы сөздіктен қарамақшы. Цинзянь дегені Шыңжаң екенін білеміз, Сицзан деген қай жер. Әрі екі сөздің дыбысталуы ұқсас болған соң парқын ажырата алмай тұрмыз. Біздің халімізді аңғарғандай, Қамар:

-Тибет, Тибет….Заңзулар елі….Лхасаны білесіз бе? Сол жерденмін деп сөзін айқындай түсті.

Тибет дегенде екеуміз де елең ете қалдық. Менен көрі ойы ұшқырлау әйелім,сұрақ қойып үлгерді.

-Ол жерде де қазақтар тұра ма?

-Таза қазақсыңдар ма?деппін қосамжарласа, қапелімде басқа сөз аузыма түспей.

-Иә,иә қазақпыз. Абақ Керей деген рудан боламыз деп өзінің қазақ екенін шегелей түсті.

-Тибетке ненің дәмі айдап барды?

-…………

Шамасы бұл сауалды түсінбей қалды ғой деймін, бір қадам бері ығысып, жақынырақ келіп бетіме сұраулы жүзбен аңырая қарады да, мезетте жанарын тайдырып әкетті.. Ойланған сәтінде жасайтын әдеті болса керек, төмен түсіңкіреген көзілдірігін қолымен көтеріп, мұрынын саумалап тұрып қалды.

— Ол жаққа қалай барып жүрсіңдер деп, сұрағымның тонын айналдырып, қарапайым сөзбен қайталадым.

-Аааа, деп қытайлар таңырқағанда жиі қолданатын одағай сөзге бір салып алды да, жауап беруге тырысты. Бірақ ойы шашыраңқы шықты, қазақшасы жетіңкіремеді. Үркіншілік заманда Қытайдан Пәкістан,Үндістанға қарай үдере көшкен жұрттан қалған үркердей қазақ екенін әупірімдеп жатып әзер ұғындырды.

Бұл кезде біздің басқа тілде жауаптасуымызды қызықтап тұрған өзге жолаушылар да әңгімеге араласа бастаған еді. Әрнәрсені түрткілеп сұрап, тақырыптың соқпағын бұза берді. Сондықтан, алдағы уақытта хабарласып тұрайық десіп, телефон нөмірін алмастық та, келесі аялдамадан түсіп, Бейжіңнің хайуанаттар бағын бетке алып жүріп кеттік. Қамар қош болыңыздар дегенді, ана тілінде айта алмай «зәйжиен, зәйжиен» (келесі кездескенше) деп қол бұлғап қала берді.

\\\\\\\\\\\\\\\\\

Метродағы әңгіменің желісі арада апта өткенде,біздің жалдамалы пәтерде тура сол үзілген тұсынан жалғасын тапты.

-Cендердің қилы тағдырларың талай шығармаға арқау болған, дедім Қамардың отбасылық тарихын тыңдап болған соң…. Ол жұлып алғандай, жалт қарады. Көкейіндегі «шығарма сөзінің мағынасы не?» деген сауалды, көзі айтты.

-Халифа Алтай мен Хасен Оралтайды танушы ма едің?

-Жоқ, білмейді екенмін.

-Сендердің өлкеден шыққан азаматтар. Сол кісілердің «Алтайдан ауған ел», «Елім-айлап өткен өмір» деген сынды бірқатар кітаптары бар, сонда 1938 бен 1951-жылдары Үкіметтің қыспағына шыдамаған қытай қазақтары екі мәрте Тибет асып, Гималай шыңынан өтіп, Үндістан, Пәкістан, Кашимирге жетіп жан сауғалағаны…. Ал 1952-жылы Түркия мемлекеті босқын қазақтарды көшіріп алу туралы тарихи шешім қабылдағаны жазылған…..

-Иә, иә! Енді есіме түсті, деп сөзімді бөліп жіберді.

-Деректерге қарағанда барар жер, басар тауы белгісіз сол сапарға он сегіз мың қазақ шығыпты деседі. Соның небары екі мыңы Анадолыға аман жеткен деп сөзімді жалғадым. Бірсыпырасы Гималайдың құзынан ұшып өлген, біразы Тибеттің биік тауларында ауа жетіспей, «ыс» ауруынан қайтыс болып, тағы бірқаншасы көшке ілесе алмай жолда қалған. Сенің аталарың асылы, Тибет жұртына сол екі дүрмектің бірімен барған болар….

-Тап солай, әкемде осылай деп айтып отыратын.

-Әкең не қызмет істейді?

-Ол кісі шойынжолда кәсіп қылған, қазір ту….туейсюу…,туейсюу алған.

-Туейсюу деген не?деп еренсіз сұрай салдым да телефонға үңіліп сөздіктен іздестірдім. Ол бұл сөздің қазақша нұсқасын түсіндірем дегенше менде сөздіктен тауып аларыма сендім. Көп қиналмай, таптым да… Зейнеткер екен. Әкесі бұрын теміржолшы болыпты, кейіннен қос жанары суалып, көруден қалады. Қытайда зағиптарды медициналық массаж өнеріне баулып, жұмыспен қамтамасыз ететін қайырымдылық ұйымы бар. Сол бойынша осы кәсіпті игеріп, зағиптар орталығында қызмет істейтін көрінеді.

-Ол кісінің қазақшасы тәуір шығар дедім, Қамардың үзіп-жұлып айтқан әңгімесіне мейір қанбай отырғанын танытып.

-Әлбетте! Сіздерге ұқсас сөйлейді. Мен ханзу мектебінде оқыдым, соуий (сондықтан) қазақша тәуір білмеймін.

-Тибетте сонда қанша қазақ тұрады?

-Жиырма шақты үй бар.

-Жиі-жиі бас қосып тұрасыңдар ма?

-Наурыз той, құрбан айт секілді мерекелерде ғана жиналамыз. Жиырма үй болғанмен әрқайсысы әр аймақта шашырай қоныстанған. Барыс-келіс қиындау.

-Жиырма отбасы қыз алыспайтын аталас шығар, ұлдары қайдан келін түсіріп, қыздар қайда тұрмысқа шығады сонда?

Бұл сұрақты да Қамар түсініңкіремей қалды бастапқыда. Ежіктеп ұғындыруға тура келді.

-Аааа, деп қытайларша бір ыңыранып алды да жымиып күлді. Сіздер бізді оқшау қалған деп ойлайды екенсіздер ғой, біз Тибетте тұрғанмен Алтай, Тарбағатайда туыстарымыз бар. Солармен қарым-қатынасымыз үзілген емес.

-Ааа, солай ма деп бұ жолы мен таңырқағандай сыңай таныттым. Іле келесі сұрақ, оған жауап алған соң тағы біріне сүрлеу салып, әңгіменің өрісін жаңартып отырмын. Балаларды жайғап, дастарханды қамдап жүрген әйелім де ара-тұра келіп сөзге араласады. Бір кезде буын бұрқыратып, қуырылған балықты ортаға қойды.

-Бейжіңде халал етті табу қиын екен, көбіне осы балықты талғажау етеміз, деп бүгін қазан көтермегеніне ақталып жатқандай сыңай байқатты. Түстегі дүнген асханасынан жеген ащы лағманнан кейін нәр сызбап едік, тамаққа бас қойдық. Балық жегеннің рахатымен қоса машақаты жетерлік, басқа тамақтардай тіске бірер басып, қылғытып жұта бермейсің, бір ұртыңнан қылтанақ суырып, шұқыланып отырғаның… Асқазанның қамын күйттеп, алдымдағы аспен алысып кетіппін, бір балықтың бел омыртқасын қабырғасымен қоса жәукемдеп болған кезде бір-ақ байқадым, Қамар табағындағы сыбағасынан іліп аузына салмапты. Қонағыңның ыздиып отырғаны қайбір жақсы дейсің, әйеліме ақырындап ым қақтым. Ол да қазір көрген болу керек,

-Қамар, тамақтан алмадың ба, әлде ауырып отырсың ба? деп бәйек қақты.

– Мен балық жемеуші едім, деп ыңғайсызданғандай түр байқатты ол.

-О, неге? Екеуміз бірдей жалт қарадық.

-Жалпы Тибеттіктердің бір парасы балық жемейді?

-Не үшін? Балық халал емес пе?

-Тибеттіктердің діни сенімі бойынша бірқаншасы өлген адамды құзғынға тастайды, бірқаншасы өзен, көлге ағызып жібереді. Сондықтан адамның өлігімен балықтар қоректенеді деп, судағы бүкіл жәндікті жемейді.

-Сен енді тибеттік емес, қазақсың ғой… Менің аңғалдау сұрағыма Қамар иығы селкілдеп, сықылықтап тұрып күлді. Күлкісі ашық, тау суындай сыңғырлап тұр. Күлгенде сұрша жүзіне қан ойнап, өзінше жарасым табады екен.

-Қазақпын ғой деген, күлкісін тия алмай. Бала кезден балық жемей өскен соң, үйренісіп кетіппіз. Сіз мені біресе Ханзу (қытай ұлты) біресе Заңзу (тибет ұлты) деп, әбден састырдыңыз ғой…

— Ааа, онда мархабат деп бізде қыстамадық. Тибеттік қонағымызға бола сол түні тағы бір тамақ жасалды. Түннің бір уағына дейін әңгімелестік. Ол бізден Қазақстан туралы сұрайды, біз Қытай мен Тибет жайлы мағлұматтарға ынтығамыз. Сағат тілі он екіге таяғанда ғана жатақханамның есігі жабылып қалатын болды деп, қона сал дегенімізге көнбей асығыс аттанып кеткен.

\\\\\\\\\\\\\\

Сол бір кештен кейін Қамар біздің үйге жиі-жиі қонаққа келетін болды. Ақжарқын, көңіліндегісін бүкпесіз айтатын шыншыл қыз, әйтеуір әйеліммен тез тіл табысты. Сенбі- жексенбі күндері екеуі дүкен-базарға бірге барады, балаларды ертіп анда-мұнда қыдыртады. Ол кезде қытайша тілашарды бастап кеткенмен сөздік қорымыз жұтаңдау болатын. Білмегенімізді содан сұраймыз, ол біздің шатып-бұтқан қытайшамызды түзетіп, тілұстартуға көмектеседі, біз оның қолау болған құнандай кібіртіктеген қазақшасына болысамыз. Бас ауырып, балтыр сыздай қалса Қамарға қоңырау шаламыз, ауруханаға ертіп барады. Біз сабаққа кеткен кездері балаларға қарасып, жәрдемдеседі. Әйтеуір бөтен елдің тіршілігіне бейімделіп кеткенше қолғанатымызға айналып, қолтығымыздан демеді.

Бір күні түске салым екі ұлдың бірін алдыға бірін артқа мінгестіріп белесебедпен саябақтағы балалар алаңқайына қарай ұрып бара жатқанмын. Естиярлау Толағай танып қойды.

-Әке, Қамар әкпені қараңыз….

-Қайда?

-Әне,бір ағамен кетіп бара жатыр…Ұлымның нұсқаған жағына қарасам, расымен де Қамар көшенің арғы басынан, бері қарай беттеп келеді екен. Қасында бір жігіт бар, қол ұстасып алған. Бағдаршамға келіп, тоқтап тұрған ығы-жығы адамның ішінен бізді байқамады. Қасындағының түрі қазаққа ұқсамайды, екеуі әлденені сөз еткен күйі тоқтамастан өте шықты. Соңдарынан қарап, состиып тұрып қалыппын, ұлым «әке, жүрмейміз бе жасыл жанды» дегенде ғана темір атымды тебіндім.

Қамар әдеттегідей аптасына бір-екі мәрте үйге келіп-кетіп жүрді. Өзі балажан. Бізден көрі Толағай мен Тарланға жақын, тілі шықпаған кішкентайды жұлмалап ойнайды, үлкеніне қытайша сөз жаттатқызады. Құр келмейді, біздің қарсылығымызға қарамай қалтасына тәтті-мәттісін сала келеді. Екеуіне сыйлық қылып үлестіреді. Бір-екі рет Толағайға тақпақ айтқызып, оны ұялы телефонның бейнекамерасына түсіріп жатқанын байқағанмын, оны не қылмақ деп сұрағанымда Толағайдың өлеңдерін өзі де жаттап жүр екен деді әйелім.

-Рас айтасың ба?деп анықтап сұрадым.

-Өтірік сөйлеп не жаныма зор келіпті, екеуі күнде тақпақ айтудан жарысып жүр емес пе?

-Олай болса, мен оған көрсетейін тақпақтың көкесін…

-Нені көрсетесің?

Әйелімнің бұл сұрағы жауапсыз қалды, айтып қойсам жоспар орындалмай қалатындай, -оны қайтесің дедім де кете бардым, ол да тықақтап қазбаламады. Сол күннен бастап Толағайға жаңа өлеңдер үйрете бастадым. Сұлтанмахмұттың, Қасым Аманжолдың, Қадыр,Жұбан ақынның отты жырларын бірер аптада игеріп алдық. Бір күні сабақтан келсем, әйелім үндеме дегендей сұқ саусағымен ернін басып белгі берді. Мысықтабандап, барып байқастасам, Қамар мен Толағай тақпақтың додасына түсіп кетіпті. Кезек-кезек салым салған көкпаршыдай, бір-бірінен қалысар емес. Бірі тоқтаса, екіншісі бастап кетеді.

«Алаш туы астында

Күн сөнгенше сөнбейміз,

Енді алашты ешкімнің

Қорлығына бермейміз» деп Толағай былдырлады, артынша соны қаз-қалпында Қамар қайталап шықты. Іле-шала Толағай келесіге өтті.

«Ана тілің арың бұл,

Ұятың болып тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!!!»

Қамар да мүдірмей айтты. Тілі аздап күрмеледі, дегенмен бастапқыдай емес, бізбен араласқалы қазақшасы да тәуірлене бастаған секілді.

-Екі сақаудың жарысын-ай дедім, ту сыртымнан тақалған әйеліме сыбырлап.

-Қой, естісе ұят болар деп, ол бүйірімнен шымшып алды. Оның бұл еркелігі шабытыма шоқ тастады ма білмеймін, ендігіде мен оталып кетіп, ортаға атып шықтым.

«Ей тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы.

Танимысың сен мені

Мен қазақтың баласы» деп, айқайлай басып, кіріп бардым. Сахнадағы театр актерлерінше жүгіріп шыққан мені олар бастапқыда тосырқай қарсы алды. Артынша мың құбылтқан даусым «мен қазақтың баласы» дегенде кеудемді «дүңк» еткізіп қойып қалған қылығыма Толағай тырқылдап тұрып күлді. Қамар да разы. Тек осынау «поэзия кешінің» жалғыз көрермені бір жарым жастағы Тарлан ғана дымға түсінбей, әркімге бір жалтақтап қарайды.

-Аға, бұл кімнің өлеңі?деп сұрады Қамар таңырқаған Тарланды мейірлене құшағына қысып жатып….

-Қазақта Қасым деген ақын өткен. Сол кісінің өлмес туындысы, ал әлгінде айтқандарыңның бірі Қадыр Мырзаәлінікі, бірі Сұлтанмахмұттікі дей салдым елеусіздеу қылып.

-Сұлтанмахмұт?…деп бір сәтке әлденені айтпақ болып тұрды бөгеліп қалды.

-Иә, иә дедім, оның не себептен ойланғанын түсініп. «Қамар сұлуды» жазған сол адам. Оқып па едің?

-Кітабы қолыма түспедім, әкем жатқа айтатын, сол кісіден естігенмін. Менің атымды да соған ұқсатып қойған.

— Сұрапыл ақын болған. Небәрі жиырма жеті жасында дүние салды. Бірақ небір отты жырлар жазыпты жарықтық.

-Қытайлық Cю Джимо секілді болып тұр ғой. Олда отыз төрт жыл жасаған. Бірақ жүз жыл өмір сүрген жазушылардан атақты.

- Cю Джимоның шығармашылығымен ептеп таныспын, бірақ оның қытай қоғамындағы орынын салмақтап көрмеппін. Ал Сұлтанмахмұт қазақтың санасында сілкініс жасаған адам. Өлеңдерін бей-жай оқу мүмкін емес. Әлгі «Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз,Енді алашты ешкімнің, қорлығына бермейміз» деген бір шумақ өлеңінің өзі неге тұрады. Бұл жәй өлең емес, өлеңмен айтылған серт қой. Ақын, халық алдында ант етіп тұр емес пе?! Бүгінгілер қолданысқа енгізген «Мәңгілік ел» идеясын сол заманда Сұлтанмахмұттар, Алашорда қайраткерлері айтып кеткен екен-ау!!!

-Аға!!!Алашорда деген не? Сіз, кейде маған түсініксіз нәрселерді айтасыз, сұрауға ыңғайсызданамын да білместігімді білдірмей бас изеп отыра берем.

-Ә, солай ма еді,онда тыңда деп, Алашорда көсемдері туралы әңгімеледім. Қызыға тыңдады. Менің әрбір жерден жұлып-шалып айтқандарым рухани тәбетін ашып жіберген болу керек, тоймай қалған сықылды көрінді. Компютерді қосып жіберіп, ғаламтордан Әлихан, Ахмет, Міржақыптардың суреттерін көрсетіп, қазаққа қатысты айтқан сөздерін оқып бердім. Ахметтің Шыңжаң жақта кең қолданылатын төте жазудың авторы екенін естігенде көзі жайнап сала берді. Міржақыптың «Оян қазағын» дауыстап оқығанымда ойланып қалды. Артынан олардың аянышты тағдырын сөз еткенде, көзі жасаурап кетті. Сол күні үйіне кетер-кеткенше осынау күйден арыла алмады.

Бұл күнгі әңгіме Қамарға ғана емес мағанда ой салған еді. Ішкі жоспарды іске асырудың бір тетігін осы әңгімеден таптым. Ендігіде Қамар үйге келе қалса бұрынғыдай майда-шүйде тақырыптарды езгілемей, қазақтың тарихы, қилы тағдыры, аз ұлттардың ассимиляцияға ұшырауы, қазақтан шыққан күрескер тұлғалар жайлы сөйлесетін болдық. Көбіне үнсіз тыңдайды. Дегенмен естігенін құлағына құйып жатқанын сеземін, сеземін де ғаламторды кеземін. Студенттерге арнап дәріс оқитын ұстаздай Қамармен болатын кездесуге тыңғылықты дайындаламын. Кешегі мен бүгінгі ақыл-ой алыптарының айтқан өнегелі, өсиет сөздерін, түрлі қызықты мәліметтерді тауып алып дастархан басында бәрін оқып-түгесіп қойған адамдай «қақсап» отыратынды шығардым. Менің бұлайша аяқ асты «данышпан» болып кеткенімді әйелім аздап түсініңкіремей жүрді. Ал мен Қамардың өмірінде өзгеріс, ішкі әлемінде үлкен соғыс жүріп жатқанын білемін. Бірақ ол білетінімді ешкімге білдірмеймін.

Бір күні аралас неке туралы сөз қозғадым. Ол тақырыпқа әбден дайындалған болатынмын, ғылыми тұрғыда бұрыстығын дәлелдеп, әбден иін қандырып, жүндей түтіп болған соң, қазақтың қан тазалығы жайлы, өмірде болған ұлы аналар туралы айттым. Тұмар ханшайымның ерлігі, Домалақ ененің көрегендігі жайлы естімеген екен, аузы ашылып құмарлана тыңдады. Көзілдірігін бір киіп, бір шешіп әбігерге түсті. Шамасы аралас неке туралы дәріс нысанаға дөп тиген болу керек, сол күні қонаға келген болатын, аяқ асты кетуім керек деп апыл-ғұпыл жиналып шығып кетті. Көңілсіздеу кетті. Бірақ содан кейін үйге келуді сиретті.

\\\\\\\\\\\\\\

Қытайдағы кәрі-жастың дені «WeChat» әлеуметтік желісін қолданады, хабарсыз кеткен Қамардың амандығын сондағы жазбаларынан ғана біліп отырдық. Күніге бірнеше жазба қалдырады. Анда-мұнда түскен суреттерін жариялайды. Көп суретінде қасында әлгі бір көшеде кезіктірген жігіт жүреді. Оны көрген сайын қояншығым қозады. Бір күні WeChatтағы парақшамды ашып қалсам, Қамардың суреті жылтың етіп шыға келді. Тағы да екеуі фотоға түсіпті. Таңхулу (қантқа қуырылған жеміс-жидек) жеп, мәз-мәйрам болып, саябақта сайрандап жүр. Мұны көргенде денем түршігіп кетті, күдігім айқындала түскендей. Жалма-жан, бұның кім?деп жаздым да, ашуланып тұрған смайл суретін қосақтап, жөнелтіп жібердім. Бірер минут күттім, жауап болмады, ертеңіне телефонымнан парақшасын тексерсем, менің сөзім жазылған суретін түп-тамырымен өшіріп тастапты. Арада үш-төрт күн өтті. Хабарсыз. Ақыры шыдамым таусылып, қоңырау шалдым. Біраз уақыт тұтқаны көтермеді. Екінші мәрте қоңыраулатқанда ғана жауап қатты.

-Wei (Ало дегені)

-Әу Қамаржан қалың қалай?

-Жақсымын аға, өздеріңіз амансыздар ма?

-Аманшылық, біз жаққа келмей кеттің ғой….

-Сабақ қиындап, қолым босамай жатыр.

-Қазақстаннан қазы-қарта келген. Жеңгең Қамар келгенде бірге жейміз деп қазан көтермей отыр. Кешке келіп кет. Сенің арқаңда сорпаланып, аузымыздың дәмі кіріп қалсын.

-Аааа…. сәл кідіріп, ойланып қалды. Мен одан сайын бастырмалата жөнелдім.

-Сөзді қой, кел, күтеміз, дедім де телефонды сөндіре салдым.

Кешкілік екі ұлды саябаққа алып барып сілесі қатқанша ойнатып, өзім де көңіл сергітіп үйге келсем Қамар отыр екен. Құрт езіп, жеңгесіне болысқансып жүр, бірақ жүзі сынықтау көрінді. Бұрынғыдай балаша еркелейтін қылығы байқалмайды. Ас үстінде де ашылып сөйлемей, тымырайып отырды. Екеуміз іштей арбасып, біраз ырғастық. Онымен арбасқан сайын ойым екіге жарылып алып, жұлқыласады. Бір ойым өзгенің өміріне араласу құқығын саған кім берді деп өзеуресе, енді бірі «ағаның қарындасқа жөн сілтегені әбестік болып па» деп табандап тұрып алған. Ақыры соңғысы жеңді. Әйелім ыдыс-аяқты жиыстырып, ас үйге кіріп кеткен сәтті пайдаланып

-Айтпақшы әлгі жігіт кім деп қойып қалдым. Сұрағым дөрекілеу болған секілді. Дегенмен айтылған сөз, атылған оқ. Тұтқынды қыспаққа алған тергеушідей тесірейіп, көзіне тіке қарадым. Лып етіп, бетіне қан тепті, менің түрімнен сескенді ме, әлде мұндай сұраққа дайын болмады ма әуелгіде тұтығып сөйлей алмай қалды.

-Қанша уақыт болды жүргендеріңе?

-Бір жылдан асты, сабақтасым, бірге оқимыз…

-Қытай ма?

-Жоқ, хуейзу (дүнген ұлты). Енді мен ойланып отырып қалдым, дүнгендер мұсылман болғанмен қытайға қыз беріп, қыз ала беретін ұлт. Дәуір бір аунаса, мұсылмандығын да ұмытуға шақ тұрған халық. Мына қыз енді соның етегінен ұстамақшы. Басқаның түтінін түтетіп, ұрпағын жалғастырмақ. Не істемек керек?

-Аға, мен бұл туралы көп ойландым, деген дауыс шыққанда басымды көтеріп, тіктеліп отырдым. Бағанағыдай емес, Қамар еңсесін жазып, ашылып сөйлей бастады. Көзіне ерік беріп, жылап та алды. Бас тарта алмаймын дейді. Махаббат дейді. Әке-шешесі де ықтиярын беріп қойған екен. Келер жылы үйленбекші көрінеді. Бірақ оның айтқандарының ешбірі, мен үшін құлаққа кірмейтін сөз.

-Қазақ жігіті жоқ па? Шыңжаңдықтар Бейжіңде толып жүр емес пе?

-Бар ғой, бірақ олармен әйтеуір тіл табыса алмай-ақ қойдым. Қанша мәрте жақындасайын десем де, қазақшам шорқақ болған соң соқыршектей бөлектенемін де тұрамын дейді.

-Қазақстанға жүрсеңші, бізбен бірге. Өзім қамқор боламын. Елге ел қосылса құт. Әрбір қазақ бізге қымбат деп өрекпимін.

-Ойй, атамаңыз Қазақстанды. Ол жаққа барсам күн көре алмаспын деп азар-безер болады.

-Неге?деймін.

-Бір ауыз орысша білмеймін. Одан да осы Қытайымда жүре бергенім жөн шығар.

-Қазақстан қазақыланып жатыр, орыс тілінсіз де өмір сүруге болады. Бүгінде жетпіс пайыздан астық, құдайға шүкір.

Бірақ менім бұл сөзім Қамарға күлкілі көрінді. «Мырс» етіп кекесін танытты.

-Орыстандың не, қытайға сіңдің не? бәрібір емес пе?! Қайда барсаң да біреуге кіріптар боламыз ақырында. Осында оқып жүрген Қазақстан жастарын көріп жүрміз ғой, аға, қазақшасы менен нашар. Бір-бірімен орысша шүлдірлеседі.

-Енді ондай-ондай болады ғой…Қазақ тіліне деген көзқарас өзгерер, заман осылай тұра берер дейсің бе? деп қайта ырғаймын. Бірақ мен ырғаған сайын Қамар босаңсудың орнына қатайып барады.

-Өткен аптада Бейжің Үйуан Дашүйеде жыл сайын болатын дәстүрлі потбол жарысы өтті, бардыңыз ба дейді.

–Бардым деймін, оның айтпақ ойын түсіне алмай.

–Не байқадаңыз?

–Ештеме деймін, өтірік аңқаусып. Бейжіңдегі қазақтар арасында өтетін футбол турнирінде біздің университет бас жүлдені жеңіп алған болатын. Біздің жігіттер финалда Миңгзу Дашүйедегі (Ұлттар университеті) Шыңжаңдық студенттермен кездесті. Сонда алаңда бір-біріне қарсы ойнаған кілең қазақтар, бір команда қытайша, екіншісі өзара орысша сөйлесіп бірін-бірі түсінбей жүргені рас. Мұны жарыс соңындағы марапаттау рәсімінде ұйымдастырушылар ескертіп айтқан болатын. Әсіресе өзін ақын, журналист деп таныстырған егделеу келген қасқабас кісі «бұл ұлттық трагедия» деп ашына айқайлаған, микрофонды ұстап алып. Қу қыз, соны меңзеп отыр. Бұл оқиға өзімнің де көңіліме кірбің салғанмен дәл қазір, амалсыз ақталуға тура келді. Өз елінде жүріп, ана тілінен мақұрым қалған бауырларымды былайғы күнде жақтырмасам да бұл жолы жақтай сөйледім, біраз жерге дейін көсілгенімді білемін, әйтеуір дәл қазір қазақ үшін аралас неке қылмыс деп тұжырғаным есімде.

-Неге? Басқаларға болғанда қазаққа өзге ұлтпен бас қосуға болмай ма? Әрі-беріден соң Қазақстанда жүріп те қазақ қыздары шетелдіктерге үйленіп жатыр емес пе? деп жабыса кетті.

-Болмайды, олар шіріген жұмыртқа, жоғалған ұрпақ. Өзгеге қыз бермек түгіл, қыз алуға да болмайды. Өйткені олардан туған бала бәрібір қазақ болмайды.

-Неге?

-Өйткені қазақ ұзақ жылғы зобалаңда ұлттық имунитетін әлсіретіп алған халық. Біз біреуді сіңіріп алам дегенше, біреуге сіңіп кетуге бейім тұрамыз. Орыспен жақындассақ, орыс боп кетеміз, қытайға қыз беріп, қыз алсақ қытай боп шыға келеміз. Өзгенің тілінде жүйріктей жүйткиміз, өзіміздің тілде тұсаулы аттай шоқырақтаймыз. Оның себебін өзім де білмеймін.

-Ал мен баламды қазақ қылып өсірем, десем сенесіз бе?

-Сенбеймін дедім, шорт кесіп. Өйткені сен өзің шалақазақсың…

Қамар шалақазақ дегеніме шамданып қалды ғой деймін, одан кейін сөз таластырмай, қой көздері боталап менің айтқандарымды ойланып тыңдап қана отырды. Үйіне қайтарда да ұйықтап жатқан Толағай мен Тарланды құшырлана иіскегені болмаса, ештеме демеді. Ол кеткен соң үйге сыйсамшы, сең соққан балықтай біразға дейін сенделіп жүрдім де, қойдым….

Ал Қамар содан беріде үйге келуді мүлдем доғарды. Бір-екі мәрте көшеде жолығып әңгімелескеніміз болмаса арамыз ақырындап суық тартып, алшақтай берді. Бейжіңдегі оқуымыз аяқталып, елге қайтып бара жатқанда таныс-тамырларды шақырып қонақ қылғанбыз, оған да қатысқан жоқ.

\\\\\\\\\\\\\\\\\\\\\\

Арада екі-үш жыл өткен. Дәм айдап, қызмет бабымен жаздың аптап ыстығында қайтадан Қытай астық. Бабаларымыз Ханбалық атаған Бейжіңнің жазы ыстық келеді. Бүгінде аспан ашық екен. Кеше түнеріп тұр еді, таңға жуық соққан өкпек жел сол көк тұманды басқа жаққа тықсырып кеткен секілді. Таза ауада сәл тыныстап тұрдым да, жер асты жолына түстім. Метроға мініп, Чаңпиңге бармақшымын.

Чаңпиң — Бейжіңдегі ең шеткері ауданның бірі. Бұрын іргелес Хэбэй провинциясына қарасты уезд 1956-жылдан бері қала құрамына кіріпті. Бұл ауданның бір ерекшелігі студенттер қалашығы іспеттес, Қытайдың іргелі деген оншақты оқу орны осында орналасқан. Біз оқыған Мұнай-Газ Университеті де сол жерде.

Қытайға келгелі қамқорлығын аямаған ұстазым, профессор Панға амандасып қайтпақшымын. Кеше қоңырау шалғанда, бүгін кешке жұмыста күтемін деген, ертіп алып, қытай моншасына барып, алаңсыз әңгімелесіп шер тартқатсам деген жоспар бар. Он үшінші жолмен Сиарчи бекетіне дейін барып, түсіп қалдым. Осы жерден Чаңпиңге жүретін жалғыз метроға міндім.

Елдің жұмыстан қайтар шағы, адам көп екен. Қысыла-қымтырыла ішке кірдім, жап-жаңа метро көлігі қамшы салдырмас жорғадай зулай жөнелді. Айналам дабырлаған халық, біреулер әңгіменің көрігін қыздырып жатыр, біреулер телефонына телміріп шұқшиып отыр. Бір кезде әудем жерден тақылдаған баланың дауысы естілді. Баланың дауысымен бірге таныс дыбыс, таныс үн құлағыма жетті. Елең ете қалдым. Көптен бері естімеген сөз, қазақ сөзі, қазақ болғанда да ақын қазақтың сөзі.

«Ей, тәкәппар, дүние!

Маған да бір қарашы.

Танисың ба сен мені

Мен қазақтың баласы!» О, тоба, Қасымның өлеңі. Құдыретіңнен айналайын қазақтың қайсар ақыны жазған жаухар жырды жыпырлаған қытайдың ішінде тұрып айтып жатқан кім болды екен. Өңім бе, әлде түсім бе? Аяғымның ұшына тұрып, кеңірдегімді созып жан-жағыма қарай бастадым. Жатаған келген қытай азаматтарының төбесінен көз асырғаныммен, іздегенімді таба алмадым. Осы кезде әлгі өлеңші бала тағы бастады.

«Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып күн болам.

Надандықтың кегіне,

Күн болмағанда кім болам»

Сұлтанмахмұттың жақұт жыры. Енді күмәнім қалмады. Қой, бөгелуге болмас, мына бір бала қазақ болса барып бетінен сүйейін, әке-шешесінің қолын алайын, қытай болса оны көрейін. Көзім жасаурап, жүрегім атқақтап елді кимелей жаңағы дауыс шыққан жаққа өнімсіз жылжыдым. Мұнымды жұмыстан шаршап қайтып бара жатқан өзге жұрттар жақтырмай кірпіше жиырылып жатыр. Оған қарайтын мен жоқ, елдің аяғын өкшемен басып-жаншып, әркімнен бір кешіріп сұрап ілгерілеп келемін.

Метро есігіне тақау орындықта ақсұр келіншек отыр, шашы желкесіне түскен толықтау жігіт оған басын сүйеп қалғып кетіпті, күйеуі секілді. Келіншектің алдында басын тақырлап алғызған, тек шүйдесіне тұлым тастаған үш-төрт жастағы бала. Тақылдап тақпақ айтып отырған сол сабаз. Ара-тұра қолындағы ұялы телефонын қосады да жоғары көтеріп тыңдайды, ол дыбыс та көпшілікке анық естіліп тұр, телефонның ішінде бір бала әлгі тақпақты айтып жатыр. Бірақ ол баланың дауысы мен мына баланың дауысы ұқсамайды. Оныкі қазақы дауыс, таныс секілді, әйтеуір қос құлаққа жағып бара жатыр, сол мезетте ой-санам мен сезімім қосылып іздеп жадымды жаңғыртып жіберді. Ақыры бұл дауыстың авторын қиналмай-ақ тауып берді. Көзім шырақтай жанды. Толағайдың дауысы екен, иә!иә! өзімнің үлкен ұлым, өзім жаттатқан өлеңдерді айтып жатыр. Ал мына тақырбас бала кім сонда? Миымдағы 4-5 жылдық мұрағатты қопара бастаған сана-сезімім енді бұған жауап беремін дегенше метро бір бекетке аялдады да, жұрт есікке қарай ұмтылды. Өткен-кеткенге жол беріп, тосылып қалдым. Қарасам әлгі ерлі-зайыпты да сыртқа шығып барады екен.

–Тоқтай тұрыңызшы дегенді, не қазақша не қытайша айтарымды білмей «ты….ты…дың…дың…» деп қолымды ербеңдетіп, күлкілі кейіпте тұтығып қалыппын. Олар мені байқамады, бір-бірінің қолынан ұстаған күйі сыртқа шығып кетті. Асыққан жолаушылар топырлап міне сала есік қайта жабылды. Жалма-жан метро терезесіне үңіліп қарағанымда анық көрдім, келіншекті басында шырамытқан едім, енді таныдым. Соның нақ өзі. Қамар екен. Қасындағы бұрынғы жігіті секілді, аздап қарын байлап, шашын өсіргені болмаса, түрі өзгермеген. Екеуі телефондағы бейнежазба арқылы Толағайдан тақпақ үйренген тұлымды ұлды жетелеген күйі, қалың қытайдың арасына сіңіп бара жатты….

Бейжің,

22.11. 2014 жыл 

 

Қайрат ЖолдыбайұлыҚайрат Жолдыбайұлы
2 года назад 1090
9 комментариев
  • Қазақ тілінің аянышты халін, шетелдегі қандастарымыздың өзге ұлтқа сіңіп кетуі қаупін қызықты оқиғалар желісімен әдемі жеткізгін. Жаның ауырады, көңіл құлазиды, жүрек жылайды екен. Авторға көп рахмет. Қаламың мұқалмасын.
    2 года назад
  • Жақсы жазыпты. Бір киноның сюжеті секілді. Сонда бұрын телефонына түсіріп алған видеоны Қамар сақтап жүрген екен ғой. Бірақ, бәрібір өзге ұлтқа тұрмысқа шыққаны жарамады.
    2 года назад
  • Шет ел демей-ақ Қазақстанда жүрген қазақтардың өзінің қазақша сөйлемейтіні рас-ақ. Бір-бірімізбен өз ана тілімізде сөйлесуді өзіміз қолған алуымыз керек. Әңгіме арасында орысша араластырмай, екі қазақ бас қосқанда тек қазақша сөйлеуге аса мән беруіміз қажет. Он қазақ отырып, бір орыс келе қалса, барлығымыз орысша сөйлей жөнелеміз. Бұлай болмайды ғой. Біз қазақпыз, еліміз Қазақстан. Қазақ елінде жүрген орыстар қазақша сөйлесін керісінше. Біз осы басқа елге барғанда шет ел азаматтары қазақша сөйлеп қарсы алғанын қайдан көрдік?! Әйтеуір біз ғана бәріне өз тілімізде емес, солардың тілінде сөйлейміз де жүреміз. Білген дұрыс, әрине! Бірақ өзге тілді білдім екен деп, өз тілімізді ұмытуға болмайды ғой енді.
    Ойланайық, оянайық, қазақтар!
    2 года назад
  • Керемет әңгіме. Бұл бір жайдан да хабардар болып қалдық.
    2 года назад
  • Есболат аға әңгімені керемет жазады. Осы портал ұйымдастырған әңгімелер бәйгесінде бас жүлдені алған болатын. Аралас некенің көбейіп жатқаны өкінішті-ақ.
    2 года назад
  • Ащы шындық. Жүрегің ауырады, көңілің құлазиды екен. Әңгіме керемет жазылған. Авторға рақмет. Өкінішті әрі аянышты.
    2 года назад
  • Күшті жазылған екен.
    Жазушы Жәди Шәкеннің "Қаралы көш" шығармасы Алтайдан, Баркөлден Гималай асып Түркияға жеткендер туралы әңгімеленген еді. Сол шығармада бас кейіпкерлердің біріне: Гималайға көп азаматтарымызды бердік, кері шегінсек қалай болар деп біреуі айтқанда. Ол: Жоқ, халыққа болмағанда дінде қиындық көрсетпейтінж елге барамын, бізден кейін дүниеде бір қазақ қалса да, өзінің қазақ болғанына мақтанып өтетін болсын. деп айтып еді.(шығармадағы нақ сөзін ұмыттым.) Қайран бабалар.
    Бір кезде интернетте бала 6 мен 12 жасында қандай тілде білім алса, сол тілге сол ұлтқа бейім болады деп оқып едім, сол сөз ақиқат екен. Бала кейін қанша өз тілін меңгерсе де, қысыл таяңда ойында сол тілмен ойлап, сол тілмен шешім қабылдайды екен. Әрине бұған үйдегі діндарлыққа, ұлтшылдыққа тәрбие жиі араласып тұрса қалай болар екен !
    2 года назад
  • Қызық оқиға екен. Көп ой салады. Осындай аруларымыз кетіп бара жатыр. Менің де басқа ұлтта шыққан таныстарым бар. Айтатын уәждері де орынды. Оң жақта отырмас үшін әйтеуір біреудің етегін ұстап кете береді. Неге, себебі жасы кеп қалған бала табу керек. Бұл өте күрделі сұрақ. Мемлекеттік бағдарлама керек сияқты.
    2 года назад
  • Мен орталық және солтүстік қазақстанда іссапармен жүрмін, бір ашуым келетіні 4-5 адам отырсақ орысша сөйлеп кетеді қазақ болса да, тағы біз орыстанып кеткенбіз деп өздері мәз болады. Қазақша сөйлесең барлығы да жақсы сөйлейді қазақша. Бірақ санамыз әлі де құлдық сана боп тұр да... Құлдық санадан арылу керек.
    2 года назад